Басқарма жұмысы жөніндегі есеп

2020-2021 оқу жылына дайындық барысы туралы

1 СЫНЫПҚА ҚҰЖАТТАР ҚАБЫЛДАУ 20 ТАМЫЗҒА ДЕЙІН ҰЗАРТЫЛДЫ

Жаңа оқу жылында облыста 442 мектеп жұмыс істеп, 234715 оқушы білім алады деп жоспарлануда.

Бүгінгі күнге 1 сыныпқа 21072 (79,9,9%) оқушы құжат тапсырды. Карантин уақытының созылуына байланысты 1 сыныпқа құжаттарды қабылдау мерзімі 2020 жылдың 20 тамызына дейін ұзартылды.

Балалар, мұғалімдер және ата-аналардың денсаулығын сақтау мақсатында 1-11 сынып оқушылары 2020-2021 жылғы оқу жылының І-тоқсанын  қашықтықтан оқитын болады. Ал шалғай елді мекендердегі шағын жинақталған мектептердің оқушылары дәстүрлі форматта білім алады.

 

«КЕЗЕКШІ СЫНЫПТАР» ТЕК АТА-АНАЛАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ БОЙЫНША АШЫЛАТЫН БОЛАДЫ

Пандемияға байланысты жаңа 2020-2021 оқу жылында облыстағы 306 мектептің оқушылары қашықтықтан оқыту форматы арқылы, шалғай елді мекендердегі 136 мектептің оқушылары дәстүрлі түрде оқитын болады.

Қашықтықтан оқыту форматы бойынша оқытылатын 222820 оқушы «ДаrуnOnline» білім беру платформасы арқылы білім алады.

Бұдан бөлек, жұмыс істейтін ата-аналар үшін мектептерде бастауыш сыныптарда «кезекші сыныптар» ашу мүмкіндіктері де қарастырылуда. «Кезекші сыныптар» тек ата-аналардың өтініштері бойынша және қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылатын болады.

 

21 БІЛІМ НЫСАНЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Ағымдағы жылы облыс бойынша 21 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы бөлінді. Оның 14-і мектеп, 3-і мектепке қосымша ғимарат, 2-і мектеп-интернатқа қосымша ғимарат, 1-і колледже қосымша ғимарат, 1-і ескі жатақхана ғимаратын балаларға арналған өнер мектебі етіп қайта жаңғырту. Сондай-ақ, облыстағы 42 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа 2020-2021 оқу жылында Жамбыл ауданындағы 300 орындық 1 мектеп пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, 7 мектептің құрылысы және 3 мектепке қосымша ғимарат құрылыстары аяқталып, биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін, апатты жағдайдағы және орын тапшылығы бар мектептер мәселесі 2021-2022 жылдары кезең-кезеңімен шешіледі.

 

МЕКТЕП СЫРТЫНДАҒЫ ӘЖЕТХАНАЛАРДЫ ҒИМАРАТ ІШІНЕ КІРГІЗУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Жаңа оқу жылына дейін облыстағы 285 мектептің сыртында орналасқан  әжетханаларды ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі күні облыс бойынша 138 мектептің санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары аяқталды. Қалған 147 мектептің әжетханалары келісім-шартқа сәйкес ағымдағы жылдың 15-тамызына дейін мектеп ғимаратына кіргізіледі деп күтілуде.

 

МҰҒАЛІМДЕР БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУДА

Қашықтықтан оқытуды тиімді ұйымдастыру үшін облыс педагогтары біліктілік арттыру курстарынан өтуде. Қазіргі таңда мұғалімдердің 86%-ы «Өрлеу» Жамбыл облысы бойынша біліктілікті арттыру институтында, Назарбаев Зияткерлік Мектептерінің «Педагогикалық шеберлік» орталығында және «Microsoft Innovative Edutor Expert» орталығында онлайн курстардан өтуде.

Вебинарларда педагогтар білім беру платформаларын пайдалану, білім беру порталдарымен, ресурстарымен жұмыс жүргізу, онлайн білім беруді ұйымдастыру, қашықтықтан оқытуда балалармен кері байланыс орнату туралы білімдерін арттыруда.

 

ОҚУШЫЛАРДЫ  КОМПЬЮТЕРЛІК ТЕХНИКАМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Білім басқармасы тарапынан облыстағы аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларын компьютерлік техникамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі күнге дейін 2658 компьютер сатып алынды. Алдағы уақытта жергілікті бюджет есебінен жаңа оқу жылына дейін 4529 компьютер сатып алу жоспарланып отыр.

Жаңа оқу жылында осал санаттағы отбасы балалары компьютерлік техникамен толық қамтамасыз етілетін болады.

 

ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Облыстағы 442 мектептің барлығы интернет желісімен қамтамасыз етілген. Дегенмен облыстағы 130 елді мекенде интернет мүлдем жоқ. Осы елді мекендерде 123 мектеп бар. 2020-2021 оқу жылында 123 мектептің 76-сы дәстүрлі форматта, ал 47-сі қашықтықтан оқыту форматында  жұмысын бастайды.

Қашықтықтан оқыту форматына  ауысатын 47 мектепте білім алатын 12 700 бала компьютермен қамтамасыз етілгенімен, интернетке қолжетімділік мәселесі туындап отыр. Осыған орай білім басқармасы «Қазақтелеком», «Транстелеком» және мобильді байланыс операторларына интернеті жоқ елді мекендерге интернет желісін тарту туралы хат жолданды. Бұдан бөлек, интернет роутерлерін сатып алу мәселесі де қарастырылуда.

Мұғалімдер мен оқушыларды интернет желісімен толық қамтамасыз ету  мәселесі жаңа оқу жылына дейін шешіледі деп жоспарлануда.

 

МЕКТЕП ФОРМАСЫН КИЮ МІНДЕТТЕЛМЕЙДІ

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасы туралы бұйрығына арнайы тармақ енгізілді. Онда “Төтенше жағдай, карантин, шектеу шаралары мен басқа да форс-мажор жағдайларда таза классикалық не іскерлік үлгідегі киіммен келуге рұқсат береміз” деп жазылған.

Биылғы оқу жылы қандай форматта болмасын бұл шешім 2020-2021 оқу жылының соңына дейін күшінде болады.

 

ОҚУШЫЛАР 1 ҚЫР­КҮЙЕККЕ ДЕЙІН ОҚУЛЫҚТАРМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

Оқыту форматына қарамастан барлық оқушы оқулықтармен қамтылуы керек. Осыған орай, 1-11 сынып оқушыларын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін қаражат бөлініп, облыс бойынша барлық баспалармен келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда оқулықтарды тасымалдау жұмыстары жүргізілуде.

Мектептердегі оқулықтарды тарату жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айының 25-не дейін аяқталады деп жоспарлануда.

 

КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІ ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТЫЛАДЫ

2020-2021 оқу жылында 43 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесінде (23 мемлекеттік, 20 мемлекеттік емес) 20 мыңнан аса студент білім алады деп күтілуде.

Биылғы оқу жылын колледж студенттері қашықтықтан бастайды. Шалғай елді мекендерде және шағын қалада орналасқан, студент саны 200-ден аспайтын 6 колледж штаттық режимде арнайы кестеге сәйкес барлық санитарлық талаптар сақталып оқытылады.

Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде қашықтықтан оқыту zhambyltipo.kz порталы арқылы жүзеге асатын болады. Сайт қолжетімсіз болған жағдайда, сайттың балама түрлері  whatsapp, телеграмм,  zoom қосымшалары пайдаланылады.

Колледж мұғалімдеріне қашықтықтан оқыту бойынша алгоритм дайындалып, бейнебайланыс арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.